Айтыс жанрының зерттелуінен

Authors

  • ШБ Акатаева Республика Казахстан

Abstract

Айтыс түрік тектес елдерде ертеден бар екені белгілі. Бұған М.Қашқаридің “Диуани лұғат ат-түрік” атты жинағындағы “Қыс пен Жаздың” айтысын, сондай-ақ Қожа Ахмет Иасауидің “Диуани хикметіндегі” “Дозақ пен Пейіштің” айтысын дәлел ретінде айта аламыз. Зерделей қарасақ, бұлардың айтыс табиғатына тән белгі-сипаттары мол. Мұның екеуінде де қырғиқабақ, бітіспес бәсеке, аңдысу арқылы жеңуге деген құлшыныс пен дәлелге, аталы уәжге тоқталып, жеңілгенін ашық мойындаудың дәстүрлі кейбір көріністері бар. Осы жәйттар айтыстың көшпелі түрік тектес елдерде ерте замандардан-ақ ірге теуіп, ел өмірінің әр саласын зерделеп, бейнелеп келгенін аңғартады. Қазақ халық әдебиетіндегі айтыс дәстүрінің туып, қалыптасу тәжірибесіне зер салсақ, біздегі осындай туындылардың айтыс жанрының әбден кемеліне келген тұста ерекше қарқынмен дамығанын көрсетеді. Бұған қарағанда, айтыс өнері осы шығармалар туған заманда да, одан бұрынғы кезеңде де ел өмірінен кең орын алғанға ұқсайды. Бұл пікірдің дұрыстығын Қытай елі деректері де құптап мақұлдайды. Шыңжандық қазақ тарихшысы Н.Мыңжани “Қазақтың көне тарихы” атты еңбегінде Қытайдың “Тайпин Хиуаниуйжи” топтамасының “Түрік шежіресі” атты тарауындағы деректерге сүйеніп: “түріктер бие сүтінен жасалған қымызды ішіп қызып алған соң, ән шырқап бір-бірімен өлең айтысады... Күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздегі ақындар айтысының мұнан мың жылдар бұрынғы Батыс түрік қағандығы дәуірінен бері келе жатқан дағдылы дәстүр екенін байқаймыз” деп жазады [2, 35 б.]. Осындай жалпыхалықтық сипаты бар ауыл-аймақ көлеміндегі әр алуан мәнді жеңіл-желпі айтыстар келе-келе ақындар айтыстарымен қатар өмір сүріп келгені, тіпті соңғысы бұрынғысының дәстүрінен бастау алып жеке жанр болып қалыптасқаны мәлім. Тіпті, қайымдасу үлгілерінің ақындық айтысқа ұласуының өзі көшпелі өмірдің бір көрінісі ретінде ұзақ ғасырлар бойына созылып келген. Бұған қазақ, қырғыз, қарақалпақ елдеріндегі кемелденген айтыс үлгілері айқын дәлел. Аталған халықтардың ғасырлар бойғы тұрмыс-салты мен кәсіп-тіршілігі, әдеби мұраның ауызша айтылып, ауызекі таралуы секілді үрдістер бұл жанрдың ерекше дамып кемелдене түсуіне қолайлы жағдай жасап келген. Ал енді, отырықшылыққа ерте көшкен татар, өзбек, түрік секілді елдерде ол кең етек ала алмай топтық түр күйінде ғана сақталып қалған. Осы аталған елдердегі көшпелі өмірдің сол айтыс жанрының кең қанат жайып дамуына, тіпті қазақ тұрмысы жағдайында өркендеп, өзінің шырқау шыңына шығуына себеп болғанын көреміз. Бұған әйгілі “Біржан мен Сара”, “Әсет пен Ырысжан”, “Ақсұлу мен Кеншімбай”, “Молда Мұса мен Манат қыз”, “Сүйінбай мен Қатаған”, “Жамбыл мен Құлмамбет” секілді айтыстар нақты дәлел бола алады. Мұндай роман іспеттес келелі айтыстардың өзге түрік тектес бірде-бір елде жоқ екенін үлкен мақтанышпен айтып өтеді өз зерттеуінде М.Жармұхамедұлы [3, 22 б.]. Айтыс жанрының табиғи белгі-сипаттарын ашып саралағанда, оның ел дәстүрі мен соның кәсіп-тіршілігіне, таным-түсінігіне тікелей байланысты көрініс табатынын академик-ғалым М.О.Әуезов тап басып танып, ғылыми байсалдылықпен делелдеп берген еді. Осыған орай ғалым: “Халық әдебиетінің өркендеп дәуірлеген шағы – халықтың шаруасы күйлі, үдере көшіп ен жайлап, сауық-сайран, мереке-қызықпен күнелткен көшпелі тұрмыста болған шақтарында болды. Егер халық көшпелі тұрмыстан қалып, отырықшы тұрмысқа айналса, отырықшы халықтың кәсібіне кіріп, еңбекпен күнелтіп, бос жүретін іссіздікті тастаса, бұрынғы ойын-той, сауық-сайран сиреп жоғала бастайды” – деп жазған еді [4, 230 б.]. Мұндай ойлы пікірлерді кезінде ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов та, ірі жазушы Сәкен Сейфуллин де айтқан болатын. Олар ашық аспан, таза ауа, табиғат аясында өскен қазақ халықының ой-қиялының жүйрік, ақындық қабілетінің күштілігін баса көрсетеді. Әсіресе, Уәлихановтың: “Ашық аспан, кең сахарада туған қазақ ешқандай қосалқы оқу-білімсіз-ақ табиғат мәпелеуімен өсіп жетіледі. Осыған қарамастан қазақ халқының жазылмай буыннан буынға тек ауызекі тарайтын бірден-бір тіл мұрасы: өз поэзиясы мен әдебиеті бар... Қазақтың жалпы ауызекі жырлары тікелей дала көріністері мен жүйрік ат, сұлу қыз әсерінен туған, сондықтан қазақ үнемі осылардың төңірегінен айналшықтап кетпейді” – деп көрсетуі де жоғарыдағы ойымызды дәлелдей түседі [5, 115 б.]. Айтыс пен суырыпсалма өнері егіз, бірінсіз бірі жоқ. Суырыпсалмалық дарыны мен айтыс тәсілдерін, ұту, уәжбен тосуды еркін игеріп, ел жағдайын, қарсыласының әлсіз тұстарын жақсы білетін ақын ғана әр кез жеңіске жетіп отырған. Сол себепті – айтыс аталы уәж, ұтымды дәлелге құрылған екі қарсылас ақынның өлеңді қолма-қол шығарып айтқан сөз бәсекесі, өнер жарысы. Төрешісі – халық, немесе жұртқа қадірлі, дуалы ауыз ел ағасы. Бұлардың төрелігі қара қылды қақ жарғандай әділ де нақты болуға тиіс. Кейде сөз жүйесі мен уәжден тосылған ақынның өзі қанша қиын болса да тосылғанын ашық мойындап, өз кесімін білдіретін кездері де аз емес. “Ақын” деген құрметті атақты көпшілік осы бетпе-бет сайыста алғырлық, тапқырлық танытқан өрен жүйріктерге ғана беретін болған.

References

Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 16-том. – Алматы: Жазушы, 1985. – 400 б.

Мыңжани Н. Қазақтың көне тарихы. – Алматы: Жалын, 1993. – 400 б.

Жармұхамедұлы М. Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуы. – Алматы: Мұраттас, 2001. – 200 б.

Әуезов М. Айтыс өлеңдері // Қазақ әдебиетінің тарихы. Фольклор. Алматы:ҚазССР Ғылым академиясының баспасы, 1948. – Т.1. – Б.229-266.

Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинении в 5 томах. Алма-Ата, 1985. - 431 б.

Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. // Ақ жол. Алматы: Жалын, 1991, 409-бет

Published

2020-02-15

How to Cite

Акатаева, Ш. (2020). Айтыс жанрының зерттелуінен. Pridneprovskiy Scientific Bulletin, 8(664). Retrieved from http://www.rusnauka.com/index.php/rusnauka/article/view/1724