Жаңартылған білім мазмұны бойынша дарынды балалармен жұмыс жүргізудің маңызы мен ерекшеліктері

Authors

  • АШ Исагалиева Республика Казахстан

Abstract

Жаңартылған білім мазмұны бойынша білім беру саласында жиі талқыланып жүрген тақырыптың бірі дарынды балалармен жұмыс жасау және оның әдістерін көрсету мәселесі. Әрине, бала бойындағы дарындылықты аңғару, оны дамыту мұғалімнен зеректікті, педагогикалық шеберлікті қажет етеді. Дарынды балалардың мүмкіндіктерін байқап қана қоймай, оны ғылыми ізденістерге, нәтижелі білімге жұмсағанда ғана ұстаз еңбегі өз жемісін береді. Дарынды балаларды ғалымдар ақыл-ой теориясына қарай бірнеше топқа бөліп қарастырады. Мәселен, дарынды балалардың бір тобы тек сабақ үлгірімі жағынан ғана жоғары көрсеткішке жетсе, екінші дарынды бала белгілі әрекет шеңберінде өз дарынын байқатса, үшінші бала барлық жағынан да өзінің мықтылығын танытуы мүмкін. Осы тұрғыдан келгенде педагогикада әрбір баланың бойынан жақсы қасиеттер мен дарындылықты байқап, дамыту мақсат етіледі. Бүгінгі білім беру саласында тәрбие мен білімді қатар дамыту арқылы білім алушының интеллектісін дамытуға баса назар аударылуда. Осы мақсатта бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Үздіксіз білім, қашықтықтан оқыту білім алушының жан-жақты білімді игеруін қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейін үзіліссіз алған білімді жаңартып, жетілдіріп отыру көзделген. Әрине, аталған жүйенің ішінара кемшіліктері мен мәселелері де жоқ емес. Бұл арнайы сөз етуге тұралық тақырып болғандықтан, аталған мәселені талдап жатуды жөн көрмедік. Біздің назарымыздағы дарынды балалармен жұмыс жүргізудің ерекшеліктері екенін ескерсек, оларды анықтаудың да өзіндік тәсілдері бар. Бұл туралы зерттеуші Н.С.Лейтес қабілетті балалардың үш категориясын анықтап берген. Бірінші категория – ой-өріс қабілеті ерте жастан байқалған оқушылар. Екінші категория – жеке бір іс-әрекет түрі мен белгілі бір мектептегі ғылым түріне қабілеттігімен көзге түскен оқушылар. Үшінші категория – дарындылық күш-қажырымен ерекшеленетін оқушылар. «Дарынды балалармен жұмыс» оқу-әдістемелік құралының авторлары Ж.Сейсенбаева, Л.Орманбекова дарынды оқушыны анықтау бастауыш сыныптан бастау алатындығын айтады. «Бұл жұмыстың жүйелі жүргізілуі психологтар мен мұғалімдердің және ата-аналардың біріккен жұмысы негізінде іске асады. Олардың ата-аналарымен әңгімелесуі, бақылауы, әрқайсысының сөйлеуінің, есте сақтауының, логикалық ойлауының психологиялық ерекшелігін анықтауда маңызды жұмыстар атқарылады», - дей келіп, дарынды балалармен жұмыс жасауда ата-ана мен ұстаздың бірігіп жасаған жұмысының нәтиже беретінін ескертеді. Алайда қазіргі мектеп тәжірибесінде байқап жүргеніміздей, дарынды балалармен жұмыс жасау тек үздік оқитын оқушылармен ғана шектеліп жатыр. Мектеп мұғалімдерінің ойында тек оқу үлгірімі жоғары оқушылар ғана дарынды балалардың қатарына жатады. Бұл пікірмен біз де келісеміз. Дегенмен оқу үлгірімі орташа баланың бойында бұғып жатқан дарындылықты байқау, оны дамыту көп педагогтың қолынан келе бермейді. Оқушының белгілі бір салаға икемділігі мен бейінін байқау үшін олармен шығармашылық бағытта жұмысты жүйелі жүргізу қажет. Мәселен, өз ойын еркін жеткізуге қысылатын оқушылардың бірқатары жазбаша жұмыста пікірін ашық білдіруі мүмкін. Сол секілді үлгірімі төмен оқушының бойында қолдан бұйымдар жасау немесе бұзылған затты құрастыру, жөндеуге деген икемділігі байқалуы мүмкін. Осы орайда бастауыш сыныпта мұғалім балалармен тығыз байланыс орната отырып, біріге жұмыстар жасаса, олардың дарындылығын тез анықтай алады. Дарынды балаларды анықтаудың тұжырымдары: баланың қызығушылығы мен бейімділігіне барынша сәйкес келетін қызмет аясында баланың іс-әрекетіне талдау жүргізу, дамытушылық ықпал ете отырып, баланың психологиялық кедергілерін жоюға мүмкіндік беретін тренингтік әдістерді пайдалану, баланың дарындылық белгісін оның психикалық дамуының нақты деңгейінде ғана емес, сондай-ақ оның болашақтағы даму мүмкіндігін де есепке ала отырып бағалау, жұмыс нәтижесін талдау, бақылау, әңгімелеу, мұғалімдер мен ата-аналардың сипаттамалық бағалары, түрлі ақпарат алу көздерін пайдаланып, бала қабілеттерін кең көлемде қамтуға мүмкіндік беретін баланың мінез-құлқы мен іс-әрекетін жан-жақты бағалаудың кешенді сипаты. Жалпы дарынды оқушыны анықтау және олармен жұмыс жүргізуге қатысты бірқатар мамандардың пікірлері мен тұжырымдарын сараптай келіп, мынадай ой түйдік. Орта білім беру жүйесінде дарынды балалармен жұмыс жүргізу тек пән мұғалімдеріне ғана тиесілі міндет емес. Сынып жетекшісі, мектеп психологы, ғылыми бағдар бойынша диреткордың орынбасары және ата-ана бірлесіп жұмыс жасағанда ғана оң нәтижесін береді. Ең бастысы - оқушының өзі қызығып, өзі таңдаған саласы болуы тиіс. Сонда ғана ұстаз еңбегі еселеніп, мәртебесі биіктей түседі.  1.   Елеупаева Ж. Қазіргі мектептерде оқушылардың шығармашылық дарындылығын дамытудың педагогикалық шарттары / Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Түркістан, 2008. -25б. 2.   Сейсенбаева Ж., Орманбекова Л. Дарынды балалармен жұмыс // http://new.kaznpu.kz/docs/tarbie/darindi_balalar.doc 3.   Жексенбаева Ү. Балалар дарындылығын диагностикалау. – Алматы, 2005. 4.   Орынханова С. Биология пәнінен дарынды оқушыларды оқытудың әдістері // Биология. Химия. 2012ж. қаңтар-ақпан, №1, 20-б.

References

1. Елеупаева Ж. Қазіргі мектептерде оқушылардың шығармашылық дарындылығын дамытудың педагогикалық шарттары / Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Түркістан, 2008. -25б.

2. Сейсенбаева Ж., Орманбекова Л. Дарынды балалармен жұмыс // http://new.kaznpu.kz/docs/tarbie/darindi_balalar.doc

3. Жексенбаева Ү. Балалар дарындылығын диагностикалау. – Алматы, 2005.

4. Орынханова С. Биология пәнінен дарынды оқушыларды оқытудың әдістері // Биология. Химия. 2012ж. қаңтар-ақпан, №1, 20-б.

Published

2020-02-02

How to Cite

Исагалиева, А. (2020). Жаңартылған білім мазмұны бойынша дарынды балалармен жұмыс жүргізудің маңызы мен ерекшеліктері. Pridneprovskiy Scientific Bulletin, 6(662). Retrieved from http://www.rusnauka.com/index.php/rusnauka/article/view/1863