Үлгерімі төмен оқушылармен психологиялық- педагогикалық жұмыстың ерекшеліктері..

Authors

  • ММ Тусупова Республика Казахстан

Abstract

Қазақстан Республикасындағы білім саясаты білім мекемелерінің қоғамдық деңгейін жоғарылатуға, отандық дәстүрлер мен қазіргі заманғы тәжірибенің негізінде тәрбие құрылымы мен мазмұнын жаңартуға, оқу-тәрбие процестерінің, қоғамдық және жанұялық тәрбиенің көп қырлылығы мен интеграциясын қамтамасыз етуге негізделген. Білім жүйесіндегі басым міндеттердің бірі тұлғаның шығармашылық және рухани қабілеттерін дамыту, салауатты өмір салты құндылықтарының берік негіздерін қалыптастыру, сондай-ақ, жеке даралықты жетілдіруге жағдайлар жасау жолымен сана-сезімді байыту болып табылады (07.07. 1999 ж. ҚР «Білім туралы» Заңы. 1-тарау, 8-бап). Қазіргі жағдайда рухани жағынан жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру жолында жалпы орта білім беретін мектептердегі білім алушылардың үлгерімі нашарлығы мәселесін шешу қажет. Оқуға,білім алуға ұмтылуды тудыратын мотивтер балада бірден пайда бола қоймайды. Бастапқыда бұлар өте қарапайым болып келеді. Мәселен,ол оқып-жазғанына,алған бағасының жалпы санына ғана мәз болады.Ата-анасынан қорқып немесе досымен бәсекелесіп жақсы оқуға тырысатын балалар да болады.Баланың жасы өскен сайын,оның оқу мотивтері де мазмұнды өседі. Оқу әрекетінің психологиялық табиғаты жайында, кейбір оқушылардың не себептен үлгерімі төмен болып,екінші жылға қалып қоятындығы жайында сөз болғанда,төмендегідей себептері анықталды [1, 96 б.]. Үлгермеушілік негізінен екі түрлі себепке байланысты туып отырады. Мәселен,бір жағынан,оқыту тәсілдері мен бағдарламалардың олқылықтары,оқушыға берілетін білім мөлшерінің нақты белгіленбеуінен туса,енді бір жағынан,балалардың өзіндік психологиялық ерекшеліктеріне байланысты (оқуға шамасы келмеу) болып отырады. Соңғы кезде психологиялық тұрғыдан жүргізілген зерттеулер балалардың өзіне байланысты болатын үлгермеушіліктің бес тобын ашып отыр. Үлгерімі нашар балалардың бірінші тобына мұғалім бақылауынан біраз уақыт шығып қалған оқушылар кіреді (мәселен,5-6 апта бойы ауырып бара алмаған оқушыға мұғалім тарапынан жәрдем көрсетілмесе,оқушыда оқуға деген енжарлық пайда болады). Екінші топқа ми ауруларымен ауырған (ақыл-ойы кем) балалар жатады. Осындай балалар тек арнаулы мектептер арқылы білім алуы тиіс. Үшінші топқа туысынан мүкіс еститін,не естуі кейіннен нашарлаған балалар жатады. Мұндай балаларды ақыл-есі кем балалар оқитын мектепке жіберу дұрыс емес [2, 285 б.].

References

Аубакирова Ж. Ойынның бала психологиясына әсері //Ізденіс. 2000. №4-5, 203-208 б.

Елубаева С. Дидактикалық ойын оқыту әдістерінің бірі //Бастауыш мектеп 1988. №2, 7-12 б.

Қаратаева Ғ. Ойын адам психологиясын дамыту факторы. //Қазақстан мектебі 2000. №5, 20-26 б.

Published

2019-03-08

How to Cite

Тусупова, М. (2019). Үлгерімі төмен оқушылармен психологиялық- педагогикалық жұмыстың ерекшеліктері. Pridneprovskiy Scientific Bulletin, 3(611). Retrieved from http://www.rusnauka.com/index.php/rusnauka/article/view/7189