Тарих магистрі Алпысбаева Г.Б., тарих магистрі Ермаханова Р.Б.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси қызметі.

 

          Қазақтың біртуар азаматы Тұрар Рысқұлов бейнесі жылдар өткен сайын ұлтжанды ұрпаққа жақындай түседі. Оның азаматтығы, халқының болашағы үшін батыл да қайсар, қажырлы да қайратты болғандығы ұлтын сүйгендерге қашанда үлгі-өнеге. Бүгінгі күні ұлы тұлғаны өмірі мен қызметін жайлы білімгерлерге жеткізіп отырсақ артық болмайды.

        Тұрар 1894 жылы 26-желтоқсанда бұрынғы Верный уезі Шығыс Талғар болысы Бесағаш деген тау арасындағы шағын елді мекенде дүниеге келген.

Т.Рысқұлов пен оның пікірлестері халқының болашағына деген үмітін кеңес үкіметі мен коммунистік-большевиктік партиямен байланыстырды, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов барлық үмітін қақазтың дербес, тәуелсіз мемлекеттігімен, Алашордамен тығыз байланысты қарастырды. Алашорда қайраткерлері – қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жанын қиған жандар. Олар  өз елінің осы мақсатты көздеген ұлт-азаттық қозғалысы көсемдерінің қатарына жатады. Солардың бірі – Т.Рысқұлов.

Ол қыры мен сыры көп, мұрасы мол, күрделі тұлға. Рысқұловтың мұраларына үңілген сайын оның шығармашылығы мен өмірінде терең зерттелмеген, әлі де болса ғылыми бағасы берілмеген тұстарын кездестіруге болады. Рысқұловтың көздеген мақсаты, түпкі идеясы - Түркі дүниесін біріктіру. Алғашында автономия құрып, одан кейін ұсақ автономиялардан конфедерация жасау үшін қызмет қылды. Ол сонда ғана Түркістан жері ұлы державаға айналатынын білген. Осы  автономиялардың табиғи байлықтарын тұтастай орталыққа жібере бермей, белгілі бір бөлігін елде қалдырып, оны өңдеп, өнім қылып шығару керектігін талай рет айтқан. Осы қадамға барғанда ғана ел экономикасының еңсесі көтеріліп, тепе-теңдік сақталып, саяси биліктің әлеуеті артады.

Т.Рысқұловтың саяси өмірінің кезекті бөлігі Ресей Федерациясының үкіметінде атқарған қызметіне байланысты. Монғолиядан оралған соң Т.Рысқұлов аз уақыт «Еңбекші қазақ» газетінде істейді. 1926 жылы мамыр айында Ресей Федерациясы Орталық Атқарушы Комитетінің шешімімен ол халық комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасарлығына тағайындалып, бұл лауазымда 1937 жылға дейін істегені белгілі. Т.Рысқұловтың қызметінің осы кезеңі салыстырмалы түрде алғанда аз зерттелген.

Т.Рысқұловтың ұлттық республикада істегенде жинақтаған бай практикалық тәжірибесі, әсіресе оның ұлт мәселесі саласындағы терең білікті қайраткер екендігін ескере отырып Ресей Федерациясының үкіметі оған Федерация құрамына кіретін ұлттық автономиялық облыстар мен республикалардың экономикасы мен мәдениетін дамыту, Одақ көлеміндегі коммунистік партияның ұлт саясаты мәселесімен шұғылдануды жүктеді.

Ұлт өкілдері мәжілісінің шешімдерін орындау барысында, әсіресе ұлттық республикалардың экономикасын дамытуда, Т.Рысқұловтың бастамасымен және оның тікелей қатысуымен жүзеге асырылған шаралардың алғашқыларының бірі-Түркісіб темір жолын салу болды. Т.Рысқұловтың Ресей Федерация үкіметінің жанынан құрылған Түркістан-Сібір темір жолын салуға жәрдем комитетінің төрағасы қызметін атқара жүріп Қазақстан экономикасы үшін ғана емес, бүкіл Одақта жүргізілген индустрияландыру саясатында маңызды орын алған индустрия объектісін уақытысында салып іске қосуда оның ұйымдастырушылық таланты ерекше көрінгенін атап айту қажет.

1930 жылы сәуір айында іске қосылған Түркісіб темір жолы - жол салу жұмысын ұйымдастырушы Т.Рысқұловтың үлкен жеңісі, оның ұйымдастырушылық қабілетінің тағы бір айқын айғағы еді. Бұл жол Қазақстан Республикасының экономикасын дамытудағы қомақты үлес қосқаны белгілі.

Бүкіл түркі халықтарына ортақ тұлға, халықаралық дәрежедегі ірі қайраткер Т.Рысқұлов өзінің 40 жылға жуық өмірінің тең жартысын халық мүддесі, мұқтажы жолындағы күреске арнады. Осы күрес оны өз замандастарының арасынан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерді.

Т.Рысқұлов ұлт-азаттық көтерілісті басқарушы, өзі де тікелей қатысушы адам. Әулиеата уезін басқарып, қазақтың революциялық жастар ұйымын құруға мұрындық болған. Сталиннің саяси репрессиясына 1923 жылы ең бірінші қарсы тұрған адам. Алашорда алдында тоталитаризм режимімен де аянбай ашық күрескен еді. Жеке-дара күрескер ретінде қанаушылық пен шовинистікті, ол сынды ұлттық саясатты ашық айтып, сынаған Тұрардай күрескер жоқ.

Сонымен өткен тарихымызға зер  сала қарасақ, Алаш қозғалысының тарихы мен еліміздің бүгіні арасында өзара байланыс пен сабақтастық бар. Бұл сабақтастықтың өзегі – ұлттық мемлекеттілік мәселесі. Қазақ елінің тәуелсіздігің аңсаған талай боздақ солшыл саясаттың құрбанына айналды. Өткен ғасырдың басында бір топ қазақ зиялылары бас құрып, Ресейдің отаршыл саясатына қарсы бас қосты. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұловтар ел азаттығы жолында аянбай еңбек етті.

Алашордашылықтар ұлтжандылық танытып, ұлт мүддесін қорғады. Қазақ елінің болашақ тағдыры жолында аянбай күресті. Алаш жетекшілері көрсетіп кеткен бағыт-бағдар қазір еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болған кезде де өз маңызын жоймай, қазақ қоғамы осы заманғы әлемдік өркениетпен ұштастыруға жол сілтеп отыр.

 

Әдебиеттер:

1.     Сарғожаев Н. Бөлек батыр. Алматы 1998 ж.

2.     Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы. Алматы, 2005, 337-423-бб.

3.     Егемен Қазақстан// Тұғыры мықты Тұрар 27 ақпан 2015 ж.