Ілияс Есенберлин – ұлт
тарихын көркем әдебиетте алғаш суреттеген қаламгер
Алия Абдрашева Кажымұханкызы
Гуманитарлык
гылымдарының магистрі,
Ерманова Сания Бөленбаевна
магистр, қазақ тілі
мен әдебиеті
кафедрасы,
ҚМПИ, Қостанай,
Қазақстан
I.Есенберлин – тарихи деректерді терең меңгерген сөз
зергері әрі сол заманға сай тарихи сипатты нақты көре
білген зерделі қаламгер. Оның шығармаларында суреттеліп
отырған заманның ерекшеліктері мен өзіндік келбетін танытатын
поэтикалық қуат тарихи тұрғыдан нанымды [1, 130 бет].
Қандай
да бір алып тұлға болмасын, оның шығармашылық
жолының қалыптасуына, биіктеуіне оның туған жері,
өскен ортасы әсер ететіні белгілі. Ілияс Есенберлиннің
қазақ әдебиетіне енгізген жаңалықтарының
бірі – тарихи романдарды жазуында. Қазақ халқының
тарихын, ата – бабамыздың тарихын, сонау Шыңғысханнан бастап,
Керей мен Жәнібек хандардың хандық құрғанын
баяндау, сонау кеңестік дәуірде тарихты қозғау –
батылдықты талап ететін іс. Ұлы тұлға
өзінің бір өлеңінде тарихты не үшін
ашқанын, не айпақ болғанын, мынадай жолдармен сипаттайды:
Мен – дағы жаздым халық ұлы ісін,
Барынша ашып тарихтың уысын.
Тілегім саған айтар, жас ұрпағым,
Тайсалма әділеттің туы үшін...
[3, 2 бет]
Оның белгілі трилогияларының бірі – «Көшпенділер»
романы. Халық та, ғалымдар
да жазушының бұл туындысын жылы ілтипатпен қабылдады.
Ғалымдар жоғары баға берді. Ғалым Шерияздан Елеукенов:
«Ілияс Есенберлин романдарындағы негізгі ой – қазақтың
ұлттық бірлігі» десе, ғалым Құныпия Алпысбаев:
«Ілияс Есенберлин – қазақтың шын тарихын жазудың
негізін қалаушылардың бірі» деп пікірін түйіндеген.
Атақты
«Көшпенділер» трилогиясы – қаламгердің басты
еңбектерінің бірі. Трилогия үш романнан тұрады. Олар:
«Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар».
Ең соңынан басталған
бұл трилогияның әр кітабы бір қаланың
көшелері секілді. Көшелердегі үй-ғимарат
әртүрлі, тұрғызылған уақыты өзге
болғанымен, араларындағы қатынас үзілмейді.
Тақырыбы сабақтас. Ортақ тақырып қазақ
халқының ұлттық тағдыры болғанда, әр
романның дәуірі, сюжеті мен композициясы, ой қазығы
бөлек-бөлек дербес бір дүние [2, 356 бет].
«Көшпенділер» трилогиясының
бірінші кітабы саналатын «Алмас қылыш» романы «Қаһардан»
кейін 1971 жылы жарық көрді.
«Алмас
қылыш» - қазақтың бір кездегі Ақ ордасын
қайта қалпына келтіріп, тәуелсіз ел туы астында үш
жүз боп бас қосып, бірігу идеясымен дәріптелген[2, 356 бет].
«Шыңғысханның төрт
ұлы болған. Жошы, Жағатай, Үгедей, Төле.
Шыңғысхан өлгеннен кейін Қарақұрым
тағына Үгедей отырады. Үгедейден кейін ұлы хан
оның баласы Күйік болады» [4, 8-29 бет]. Одан – анау, одан – мынау,
деп созатын шежіре стилі бойынша бұдан әрі білетініміз, -
таққа Төленің үлкен баласы Мөңке
отырады. Өстіп сатылай келіп ақыр аяғы «Алмас қылыш»
романының бас кейіпкерлерінің бірі Әбілқайырдың
өмір тарихымен танысамыз.
Келітірілген мәліметтер
әрі тарихи хроникаға, әрі қазақ шежіресіне
ұқсайды» [2, 356 бет].
Профессор
Шериаздан Елеукенов романға байланысты берген мақаласында былай деп
ой түйіндеген: «Роман Қасым ханның қазақтың
сол кездегі астанасы Созақта, бүгінгі тілмен айтқанда,
майданға бара жатқан қазақ әскерінің
шеруімен аяқталады. Сексен жылға созылған соғыс
Түркістан өлкесінің қазаққа қарауымен
бітеді. Қасымның баласы Хақназар хан таққа
отырғанда қазақ жері түгел сыртқы жаудан тазартылады. Хан астанасы Яссыға
көшеді» [5, 18 бет]. «Алмас қылыш» романының Кеңес дәуірінде бірде
мақталып, бірде датталғанын профессор Шериаздан Елеукенов
өзінің «Аңыз адам» журналына берген сұхбатында тілге
тиек еткен. «Осындай ұлттық идея салтанатын бейнелейтін суретпен
бітетін «Алмас қылыш» романы кезінде мақталды да, датталды да.
Романның
ұлт мұң – мұқтаждығын, сыр – сипатын
толғайтындығы туралы «Қазақ әдебиетінің
тарихының» тоғызыншы томында сөз қозғалған.
«Ірбіз (қабылан) терісінің үстінде әр нәрсені
есіне алып, ендігі саясат тізгінін қалай ұстау керектігі жайында ой
толқынында жүзген Әбілқайыр ханның – «Алмас
қылыш» романындағы» бас кейіпкердің ұзақ ішкі
толғаныстары эмоционалдық бояуға боялған, жүрек
лүпілдетер, алыпқашпа сезімге толы. Көр Ордадағы
қулық – сұмдықтар, Шыңғыс хан
әулетінің қарамағындағы халықты езіп
жаншуы, таусылмас
шапқыншылықтары – роман сюжетінің арқауы.
Қайнаған тартыстық қақ ортасында –
Әбілқайыр ханның
басында тыным таппай жүгіретін залым ойдың бірі – Дешті
Қыпшақты уысынан шығармау» [2, 358 бет]. Бірақ та,
Әбілқайырдың ырқына Керей мен Жәнібек
сұлтандар көнбеді. Олар қазақ ұлысын бөліп
алып, жеке хандық құруды армандады. Әбілқайыр хан
мен Жәнібек сұлтан -
романда бір – біріне қарама – қарсы қойылатын
кейіпкерлер.Ең алғашқы
қақтығыстарының бірі Әбілқайырдың
қызы Ғайып -Жамал-Сұлтан-Бегімге байланысты еді. «Әбілқайырдың Маңғыт руынан
алған бәйбішесінен туған он жеті жасар, аппақ
жұмыртқадай, жастық желікті ерте бастаған жеңіл
мінезді, ерке қызы Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегімнің
сұлу жүзді, арыс тұлғалы
Жәнібекке көңілі кеткен» [4, 22 бет]. Керей сұлтан Жәнібек
сұлтан үшін Әбілқайыр ханнан қызын сұрап
келгенде, Әбілқайыр келіспеді. «Керей кеткеннен кейін, дәйекші Инелікті жіберіп,
шымшып алар еті жоқ, қан-сөлсіз сұп-сұр боп
қатып қалған Құрыбай жан алғышты
шақыртып алады.
— Менің қызым
Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегім бабалары заңы бойынша «қан
төгілмей» өлуге тиісті! — деді оған.
«Қан төкпей» өлтіру — ақ кигізге орап, екі
жағынан бұрап тұншықтырып, не аяғы мен басын
артына қайырып, бел омыртқасын сындырып өлтіру. Көне
монғол ғұрпында бұл жеңіл өлім.
Ертеңіне Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегімді бабасы Жошы ажал
тапқан көне монғол әдісімен емес, басқа
тәсілмен: жүрегіне қанжар салып өлтіріп кетеді» [4, 22
бет].
Романда әйелдердің
бейнесі кеңінен суреттелген.
Мысалы, Әбілқайыр ханның төртінші
әйелі, атақты ғалым — Самарқант ханы
Ұлықбек мырзаның қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім
сұлудың бейнесі былай суреттеледі: « Әйелдің
үстінде алтын жіппен зерлеген сарғылт, дүрия
қысқа шапан, басында сүйір ұшты құндыз
бөрік. Шалбарының етегі де алтын оқамен әдіптелген.
Кеудесіндегі гауһар таспен безелген алқасы көзді
шағылыстырып күн сәулесімен ойнайды. Алыстан-ақ
бұл әйел қалың көкпек арасындағы
сарғалдақтай, көзді тартады. Өзі де мейлінше
сұлу, жаңа туған ай секілді
жіңішке қасын сүрмелеп тастаған. Ұзын
шаштарын жиырма-отыз сала етіп, ұп-ұсақ етіп өрген [4, 25
бет].
Трилогияның екінші кітабы «Жанталас»
деп аталады. Ғалым Р.Бердібаев «Жанталас» романына жоғары
баға берген: «
І.Есенберлиннің «Жанталас» романы – тарихи шығарма.
«Жанталас» романында халқымыздың бірнеше ғасыр
көлемінде бастан кешкен сұрапыл қиындықтары,
тыныштық пен тәуелсіздік үшін күрестері жазушы тілімен
шебер баяндалған. Роман - тіл жағынан да, әдебиет
жағынан да шұғыры биік шығармалардың бірі.
Әдебиет жағына келер болсақ, «Жанталас» романының
бүкіл оқиғалық, сипаттамалық, талдау,
көркемдеу жүгін екі ғана айтушы – автор мен шежіреші
қарт Бұқар жырау әңгімесі арқалаған» [1, 130 бет].
Трилогияның бұл бөлімінде
Ақ Орда мен Алтын Орда төңірегіндегі оқиғалар
суреттелген. «Жанталастың» бас қаһарманы - Абылай хан. Жоңғар
қақпасынан үш бағытпен бұрқаған
жоңғар басқыншыларының миллионнан астам
қазақты қырған шабуылын суреттеуді ең бір
ұрымтал тұстарынан үзе отырып, Бұқар жырау
Хақназардан Тәуекелге дейінгі оқиғаларға тарихи
шолу жасайды. Новелла түрінде берілген шолуда қазақтың құлақ
естіп көз көрмеген апатқа не себепті душар болғаны
талданады. Нәтижеде Бұқар жырау – әрі тарих шежірешісі,
әрі Жоңғарға қарсы Отан соғысының
идеялық жаршысы, Абылай ханның тілі мен көмейі, сонымен бірге
ақылшысы, керек жерінде сыншысы, жалған қадаммен арашалаушы
періштесі, ең бастысы – халық жаны боп сан қырынан
көрінетін тұлға» [2, 358 бет].Ақ
патша тірі тұрса, Абылай ұрпағынан ел билеу үстемдігі
кетпейді...» [5, 597 бет ]. Абылай
ханның тек бір ғана өкініші бар, ол – үш
жүздің басын қосалмауы. Бірақ ол тілегін Кенесары хан
орындады. Абылай ханның жете алмаған, көзі тірісінде бар
күшін салса да, орындалмай кеткен арманына Кенесары хан жетті. Профессор
Әнуар Тарақовтың пікірінше, Кенесары – Абылайдың
арман-аңсарын, ой-тілегін қолдаушы ғана емес, ата
мұратын жүзеге асырушы хан ұрпағы» делінген [3, 23
бет]. Ілияс Есенберлин
трилогиясының үшінші кітабы дәл осы Кенесары ханға
арналған. Профессор Шериаздан Елеукеновтың пікірінше, Кенесары –
айбынды хан, ал оның айбарлы күші – халық [2, 364
бет]. Романда Кенесарының бейнесі төмендегідей бейнеленген: «Бұл
— орта бойлы, кең жаурын, арықтау тарамыс денелі, жатаған
келген ат жақты сары сұр кісі. Сәл қызғылт
тартқан қыран көзді, жуан балуан мойынды. Ашық
жүзіне жараса біткен сәл келтелеу қыр мұрнының
астында шағын ғана мұрты бар. Қою шоқша
сақалы сүп-сүйір. Сақал-мұрты күңгірт
сары. Басында жарғақ тысты құндыз тымақ,
қара мақпал жеңіл құндыз ішігінің сыртынан
бозғылт түйе жүн шекпен жамылған, аяғында
атқа мінуге ыңғайланып тігілген орта қоныш көк
салмен өрнектелген саптама етік. Отырған отырысында,
тұрған тұрысында ілтипаттық пен тәкаппарлық
қатар аңғарылады. Сәл шегір тартқан өткір
қырағы көзі қарағанда адамның ту сыртынан
өткендей. Сараң қимылы, жұмыла біткен жіңішке
еріндері, аз сөйлеп, көп тыңдайтын адамды сездіреді. Егер
тұлғасына, көңіл райына қарасаң ішінде
тұнып жатқан үлкен ақыл, бұлқынып
сыртқа шыққысы келген жігер барын ұғасың.
Бұл Абылайханның немересі, Қасым төренің ортаншы
ұлы Кенесары еді» [5, 82 бет].
Трилогияның үшінші
бөлімінде Кенесары бастаған 1837 – 1847 жылдары болған
көтеріліс суреттелген. Трилогияның үш бөлімі де
қазақ ұлтының тағдырын тамаша суреттеуімен,
тарихқа негізделуімен, тарихтың беттерін ақ
параққа қаламмен орамды тілмен суреттеуімен
құнды.
Қорыта келгенде Ілияс Есенберлин
ата-бабамыздың өтіп кеткен сүрлеу жолдарынан атқа
мінбей, ауыр жүкті арқалаған жаяу жүргеншінің
тарихтың қиын қатпарларына шыққанын көрдік.
Жаздың аптабын, қыстың қаһарлы боранына
төтеп беріп, қиындық атаулыға қарсы
тұрған өмір жолдарын автор былай түйіндейді: «Мен қазір тарихпен неге
бәрінен де көп айналысам? Қазіргі өмір маған
қызық болмағандықтан ба? Жоқ, мүлде олай
емес! Мен бүгінгі күнді, бүгінгі өмірді жақсы
көремін. Бұның бәрі менің
ұрпақтарымның болашақ өмірі. Қазір мен артыма
қарайлаймын, өйткені, менің білімім, ой-өрісім осыдан
кеңейе, күрделене түседі. Мен өмірді білмеген кезімде,
тарих туралы ойланған жоқпын, ал қазір... Ағаш
биіктеген сайын, оның тамыры соғұрлым жерге терең
кетеді. Адам да сол сияқты. Болашақ туралы көп ойланған
сайын, өткенді соғұрлым көбірек білгің келеді.
Әйтпесе болашақ сені кешірмейді» [3, 17 бет]. Сол себепті де,
тарихты білу керек, тілді білу керек, қазақты сүю керек,
әдебиетті сүйсіне оқу керек. Ілияс Есенберлин осылардың
барлығын бойына жиі білген, ұлт тарихын көркем
әдебиетте тұңғыш суреттеген қаламгер екені
сөзсіз.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Р.Бердібай, «Тарихи романдар», А – 1997 жыл.
2. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он
томдық. 9 – том.
Алматы: ҚАЗақпарат., 2005. – 998 бет.
3. «Аңыз адам» журналы, № 16 (124) тамыз 2015 жыл
4. І.Есенберлин. Тарихи трилогия. Алмас қылыш. 1 – кітап, А.,1976 жыл.
5. І.Есенберлин.Көшпенділер:Тарихи трилогия.Алматы:Көшпенділер баспасы,2006.